Соқыр бабаның ұрпақтары:

Әлдеберді

Шыбынтай

Шыбынтай (екінші жартысы)

Ханкөшек - Тастемір - Күнет

Ханкөшек - Тастемір - Байшора

Ханкөшек - Тастемір - Сейітберлі

Мұрат


Соқыр көзінің кемістігінен осылай атанып кеткен болса керек, шын аты беймәлім. Соқырдан Айтқұл, Мұрат. Айтқұлдың бәйбішесінен Әлдеберді, Шыбынтай, тоқалынан Ханкөшек.


Сыр өңіріне белгілі тәуіп әрі бақсы Шала осы шыбынтайдан шыққан. Емделуге келген сырқаттардан ақы алмайды екен. Сырқаттарды алып жүрген дені сау күтушілеріне керіз қаздырып, Мірдің бұлағына су тартқызған. Содан бұрын көшіп-қонып жүрген шыбынтайлар отырықшы ел болып, егін егіп, күн көрген.
Кенжебайдың баласы Бекпенбет те үлкен тәуіп болған. Ауру-сырқаулар 40-50 үй тігіп, емделіп жатады екен.
Мұсадан туған Кенжебайдың немересі Билібай да әруақты тәуіп болыпты, өзі шөп дәрі жасайды екен, оқиды екен. Бірде Арқа жақтан біреуді емдеп келеді де өзі қатты ауырып қалады. Сонда жақын ағайын Тұрым молда бір өзі шілиясын түсірмек болады.
Билібай айтады:
-    Әуре болма, шамаң келмейді, бекерге майып боласың, - дейді.
-    Тұрым көнбейді. Сөйтіп Билібай тәуіптің шілиясын түсіріп отырып, сап сау жүрген Тұрым жәкеміз қайтыс боп кеткен екен.
Билібайдың баласы Өмірзақ балгер болған. Бір күні құрдасы Әбжаппар алған зейнет ақысын жоғалтып алады. Әбден іздеп бата алмаған соң, біреу ғой деген ойға келеді де Өмірзаққа бал аштырады. Қырық бір құмалақты шашып жіберіп, бал ашады да Өмекең:
-    Ақшаң костюміңнің қалтасында жатыр, - дейді.
Әбекең «Костюмнің қалтасында болса шығар еді ғой, Өмірзақ сандалыпты» дейді де жүре береді.
Ақыры сол ақша Әбекеңнің жастығының астында жататын, киілмейтін, тозығы жеткен костюмнің қалтасынан шығады.
Өмекең барда ауылдың малы ұрланбайтын. Ұрланған мал ізінше табылатын. Шыбынтайдан ел басқарған жақсылар да шыққан. Жүсіпұлы Оспан Түркістанға би болған, Оспан қайтыс болған соң Тұрғанбайдың баласы, жауғашты Құдас датқаның жиені Архабай би болды.
Архабайдың билігі жөнінде мынадай әңгіме бар.
Қоңыраттың бір жігіті Дулаттардан мал ұрлаған да арты дауға айналған. Сонда Архабай Дулаттың биінен:
-    Дулат аға баласы ма? – деп сұрапты.
-    Ия, - депті.
-    Қоңырат іні баласы ма?
-    Ия.
-    Онда ағасы інісінің бір тентектігін көтере салса болмай ма? – депті.
Қариялар уәжге тұрып, екі жақты сый-сияпат жасап, танысқан екен.
Кешегі қырқыншы – елуінші жылдары Шораның баласы Мырзахан қазіргі Жетісай, Мақтаарал аудандарының территориясын қамтыған Ильич ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Бұл қазіргі ұғымда әкім есебі.
Мырзабайұлы Ысқақ колхоздастыру науқанына белсене қатысқан, алғашқы қолхоздардың төрағасы болған, есімі Түркістанға белгілі шабандоз еді.
Жалпы шыбынтайдан шабандоз көп шыққан. Соның ішінде Отыншының баласы Жәпек ерекше аталатын. Жәпек сыпа, сері әрі батыр болған соң Архабай би жанынан қалдырмай ертіп жүреді екен. Жәпек атамыз елуінші жылдары тоқсанға таяған жасында қайтыс болды.
Архабай бидің баласы Жахия – мірдегі алғашқы ауылдық Кеңестің төрағасы болды. Оның өмірінің соңына дейін ел Жахия болыс деп атап кетті. Қара сөздің дүлдүлі, белгілі шежіреші болған.
Тәкенұлы Әбіш пен Жандарбекұлы Гахар да ағалар ізін басып, колхоз басқарды, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Бүгінде ауылдың үлкен ақсақалдары.
Шыбынтай 1930 жылы жүз ай болған екен. Ашаршылық бар, соғыс бар 1950 жылы қырық үй қалыпты, кәзір жүз үйден асты. Елу үй «Жетісай» совхозының Жахия ата ауылында, отыз үй Сарыағашта тұрады, қалғандары әр жер-жерде, қызмет бабымен тарап кеткен.
Соқыр заманында абыз атанған тәуір кісілердің бірі болған екен. Дін жолында жүріп, бір түрікпеннің абызымен достасыпты. Достықты құдалыққа ұластырмақ оймен, немересі Әлдеберліге сол түрікпеннің Қарашаш деген қызын әпермек болады. Бірақ қыз реңсіз екен. Әлдеберлі «алмаймын» деп бас тартады. Шырынтай болса жас, Хангөшекке айтады: «Сен ал, үбірлі-шүбірлі боласың, батамды беремін», - дейді. Хангөшек келіседі. Соқыр жетімдерде Хангөшек ұрпағының көп тарауы осыдан болса керек.


Соқырдың екінші баласы Мұраттан Байқоңырат, Тасболат, Қожагелді, Ескене.