1904 жылдың 26 қазанында Түркістан ауданындағы Үшқайық ауылында кедей шаруасында дүниеге келген.
Ашаршылық жылдарында оның отбасы тірі Ташкент тарапына қарай көшіп келді.
1920 жылдың тамыз айында 14-интернатқа барып, оқуға түсті.
1927 жылы Ташкенттегі Қазақ орман шаруашылығы техникумын тәмамдап, 1930 жылға дейін орман және су шаруашылықтары салаларында өз мамандығы бойынша қызмет атқарады.
1930-1934 жылдар арасында Ташкенттегі Ортаазиялық су инженерлері институтында оқыды, одан практикалық қызметке ауыстырылды. 1934-1938 жылдары Қазақстанда қайтадан орман шаруашылығында басшы қызметте болды.
1938 жылдың ақпан айында совет жұмысына алынып, Шығыс Қазақстан облыстық Советтер атқару комитетін басқаруға Семейге барды. Онда Қазақстан КП облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты, Қазақстан КП ІІ съезіне делегат болып сайланды.
Сол жылғы шілде айында Қазақстан КП ОК Бюро мүшелігіне өтіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті 1951 жылдың қазан айына дейін атқарды.
1951-1953 жылдары КПСС ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқыды.
1954 жылдың наурыз айында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағалығына сайланды. Қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, бұл қызметтен босанды.
Кейінгі 7 жылы Гурьевте өтті. Оны да 2 жыл облыстық Советтер атқару комитетінің төрағалық, 5 жыл Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарып, 1962 жылы зейнетке шықты.
25 жыл (1938-1963) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, 18 жыл (1940-1958) СССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР ұлттар Советі Председателінің орынбасары (1946-1950), СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары (1954-1958) болды.
26 жыл Қазақстан КП (1938-1964) ОК және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның бюро мүшесі, КПСС XVIII, XXII, XXIII съездері мен оның XVIII конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) КПСС Орталық Комиссиясының мүшелігіне сайланды.
Үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен наградталды.
Зейнетке шыққаннан бері ғылыми-әдеби жұмыспен шұғылданды. ІІІ томдық «Арабша-қазақша», ІІІ томдық «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер» кітап  болып шықты.
Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден сонша ел басқарып отырып біреуге нақақтан нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – ҚОЛЫМ ТАЗА!
Екіншіден, 1937-1938 жылдарда – қаралы кұндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – АРЫМ ТАЗА!
Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – ЖҮЗІМ ТАЗА!

Қосымша мәліметтер: Солдат партии

Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы