Жұмабек Ізбасар (шежіредегі орны) 1937 жылы 13 наурыз айында Қызылқұм ауданы (қазіргі Отырар ауданы) Ынталы ауылында дүниеге келген. 1946 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебінде 1 сыныпқа барып, 1956 жылы 10 жылдық білім алып шықты.
1957 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 1964 жылы хирург мамандығы бойынша бітіріп, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы Хожа тоғай совхозына дәрігер хирург қызметіне жіберілді. 1965 жылы Темір совхозына бас дәрігер етіп ауыстырылды.
Жұмабек Ізбасар өзі еңбек еткен жылдарында 1967 жылы Қаз ССР – ің Алматы қаласында өткен ауылдық дәрігерлердің кеңесіне делегат болды.
1967 жылы сол кезеңнің жүрегі саналатын Москвада өткен Қызыл Крестің 100 жылдығына арналған денсаулық сақтау қызметкерлерінің VI съезіне делегаты болды. 1971 жылдан Бөген ауданы (қазіргі Ордабасы ауданы) Төрткүл селосындағы ауруханаға бас дәрігер болып ауыстырылды.
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, көп оқудың нәтижесінде соңғы технологиялық жабдықтарды ауруханаға әкеліп орнатуға ықпал жасады. Жұмабек Ізбасар басшылық еткен тұста жұмысы аудандық, облыстық басшылық тараптан тек жақсы деген бағаға ие болды.
Гиппократ антына берік болып көптің алғысына бөленді. Еңбектері еленіп түрлі Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталады. 1982 жылы 3 мамырда мезгілсіз дүниеден өтті. Артында 4 ұл, 3 қыз қалды.