Жетімдер қоңыраттың ішіндегі белді руларының бірі. Негізгі мекені – Түркістан, Отырар, Кентау, Созақ аудандары.
Кейін келе 1930-1940 жылдары атамекенінен ауып, канал қазуға келген жетімдерлер Жетісай, Киров аудандарына жайғасты. Олардан тараған ұрпақтар бірте-бірте Сарыағаш, Шардара, Мақтарал аудандарына, көрші Өзбекстанның Мырзашөл ауданына қарай ойысты. Бұған дейін де Өзбекстанның ішіне, сонау 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде көшіп барған жетімдерлер қаншама.
Ал қазір біздің бауырларымыз Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Өскемен облыстарында да тұрады.
Біздің алғашқы бас қосуымыз 1991 жылдың 7 желтоқсанында болды. Онда арнайы қор ашылып, ата-бабамызға кесене салу мәселесі көтерілді. 2004 жылдан бастап Түркістандағы Құсшы-ата елді-мекенінде Сүйіліш атаға арнап кесене салуға кірісіп кетті. Кесене 2006 жылы аяқталды. 4 қараша күні ашылу салтанаты болды.
Сүйіліш батыр кесенесінің ашылуына Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстаннан алты-жеті мыңдай адам жиылды.
Кесененің ашылу салтанаты екі күнге созылды. Астың екінші күні аламан бәйгеге, үлкен көкпарға, түрлі спорт сайыстарына ұласты.
Осылайша бір өзге ағайындарға өзіміздің бар екенімізді таныттық, ұйымшылдығымызды көрсеттік.
Кесененің салынуына, ас беруге Құрманбек Мамыт және оның ұлдары Нұржан, Нұрман, Пиязов Сапар, Нақыпов Бейсенбай, Момбеков Базарбай, Дойрашев Бақберген, Омаров Шадат, Намаев Бақытжан, Қылышбаев Орынбасар, Қаныбеков Нұрлыхан, Пошимов Талғат, Өтебаев ОМар, Есжанов Мұхтар, Түлкібаев Әбдірәсіл, т.б. комақты үлес қосты.
Айта кету керек, басымыздың бірігуіне, берік тоқтасуымызға жазушы бауырымыз Сәрсенбек Ысқақовтың 1995 жылы өз қаржысына шығарған «Сүйіліш батырдың ұрпақтары» атты шежіре кітабы ұлкен ықпал етті. Сол кітаптың арқасында сыртта адасып жүрген қаншама ағайындарымыз үйірін қайта тапты. Қаншама туысқандарымыз таба алмай жүрген арғы бабаларын түгендеп алды.
Міне, араға 15 жыл салып, кітап сол автордың еңбегімен қайта толықтырылып, екінші рет шығарылып отыр.
Қолдарыңызда тұрған бұл кітапта жетімдер руының қалай қалыптасқанынан бастап, кейбір аталарды бүгінгі ұрпағына дейін таратуға әрекет жасалған. Арамыздан шыққан жақсылар мен ру тарихындағы елеулі оқиғалар жөнінде де әңгіме, деректер баршылық.
Сүйіліш батырдың, әрі барды Досымқұлдың ұрпағымын дейтін әрбір азамат ата-бабасының есімі жазылған бұл кітапты қасиеттеп, қастерлеп төріне іліп қоюы тиіс. Ата-бабамыз ұрпақтарының өсіп-өнуін, шағырақтарға ырыс, дәулет қонуын тілеген. Біз де кейінгілерге соны тілейік.
Бәрімізді де Аллаһ Тағала қолдасын, бірлігіміз нығайып, ынтымағымыз артсын!
Жарылқасын Әзіретбергенов, «Сүйіліш батыр» қорының президенті