Сүйіліш баба!
Сен ғасырлардың
Ар жағындасың.
Біз бер жағындамыз.
Сен тау жағындасың.
Сенен төмен болсақ та
Төменшіктеп кеткен жоқпыз,
Біз де өр жағындамыз.
Сүйіліш баба!
Бүкіл ұрпақтарың болып,
Өзіңе сүйініп тұрмыз.
Өзіңнен тараған
Бүкіл тамыр-талшықтарың
Өзендердей болып,
Жан-жақтан құйылып,
Жиылып, тұрмыз!
Алтын құтың қамбадай
Құтты екен.
Белің емендей
Мықты екен.
Қаратау мен
Сырдарияның бойына
Төгілген төлдерің
Бірі — құлжаға
Бірі — тұлпарға
Бірі — сүңқарға айналды.
Олардың бәрі айдарлы.
Бәрі айбарлы!
Олардың ішінде
Ормандарды жапырардай
Дауылы да бар.
Сол дауылдың
Итеріп құлата алмайтын
Шойындай ауыры да бар.
Теңіздердің толқындары
Жиылып келіп қозғалта алмайтын
Жартасы бар.
Құдай-ау,
Сенің ұрпақтарыңның
Ең жаманының да
Құтырып кететін арқасы бар!
Өзегінде жайтасы бар!
Есек мініп жүрген
Сол «жаманыңның» өзі
Арғымақ мінген адамның
Сәлемін шіреніп тұрып
Зорға алады.
Сол «жаманыңның» өзінен
Талай мықты қорғанады.
Сен еліңді қорғадың,
Жеріңді қорғадың;
Жердің жеті қабатына
Жеткен тамырың
Асыл болды.
Намысың көкте
Қып-қызыл болып шатырлаған
Жасын болды.
Ақырып келгендерді
Атынан қалпақтай ұшырып,
Мықшитып жібердің!
Түндей боп түңеріп келгендерді
Қырандай шүйіліп,
Бұталардың тасасына тығылған
Көжектей етіп,
Бүкшитіп жібердің!
Сенің қаның біздің бойымызда!
Сенің ойың біздің ойымызда!
Бүгін сенің ұрпақтарың
Өзің аңсаған
Тәуелсіз қазақ елінің
Азаматтары!
Өрге салса төске озған
Қазанаттары!
Қазаққа өпіремдеп ұмтылғандардың
Бүкіл қазақпен бірге
Өкпе, қолқасымен қосып
Жұлып аламыз!
Сенің басында тұрып,
Өзіңнен кескекті
Рух аламыз!
Сүйіліш баба!
Әруағың бізді
Қолдай берсін!
Бәле-жаладан
Қорғай берсін!
Әумин!
 
Темірхан Медетбек,
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын.